КИІЗ ҮЙ ТАРИХЫ МҰРАЖАЙЫ – ӘЛЕМ ЭТНОСТАРЫ
МӘДЕНИАРАЛЫҚ ИНТЕГРАЦИЯ КӨПІРІ
Құрсабаев М.К.,
«Тұран-Астана» университеті
МУЗЕЙ ИСТОРИИ ЮРТЫ – КАК ЗОЛОТОЙ МОСТ ГЛОБАЛЬНОЙ
МЕЖКУЛЬТУРНОЙ ИНТЕГРАЦИИ ЭТНОСОВ МИРА
Казахстан, как родина юрты
номадов и коренных этносов мира, должен стать флагманом данного
исследовательского ресурса. Юрта, как уникальная конструкция, неразрывно
связана с ассоциативными составляющими компонентами: национальной кухни,
этномузыкальных инструментов, национальных костюмов и узоров, ювелирных и
прикладных искусств, трапезы и доспехов, традиции и обычаев, устным народным творчеством, которые сопровождают
весь процесс реализации данного проекта. Считаем целесообразным продвижение
данного проекта в социуме, используя многовековой опыт и этнокультурное
наследие кочевых этносов мира (казахов, кыргызов, монголов, узбеков, калмыков,
туркмен, афганцев, американских индеецев, африканских племен, эскимосов и т.д) и
как эффективное решение проблемы
«экологизации общества», с целью внесения достойного вклада в реализацию
глобальной программы «зеленой технологии» и развития туристской индустрии в
Казахстане.
THE MUSEUM HISTORY YURTS US GOLDEN BRIDGHE GLOBAL
CULTURAL INTEGRATION IN THE WORLD INDIGENOUS PEOPLE
Kazakhstan, as the birthplace
of yurts of nomads and indigenous ethnic groups of the world, to become the
flagship of the research resource. Yurt as unique design, is inextricably
linked with associative components components: national cuisine Ethnomusical
instruments, traditional costumes and ornaments, jewelery and applied arts,
dining and armor, traditions and customs, oral traditions that accompany the
whole process of the project. Consider it appropriate to advance the project in
society, using centuries-old experience and ethno-cultural heritage of the
nomadic ethnic groups of the world (Kazakhs, Kyrgyz, Mongols, Uzbeks, Kalmyks,
Turkmen, Afghan, American Indian, African tribes, Eskimos, etc.) and as an
effective solution to the problem "greening of society ", with a view
to making a decent contribution to the implementation of a global program
of" green technology "and the development of the tourist industry in
Kazakhstan.
Елімізде туризм саласы әлемдік деңгейде
қарыштап дамып келеді. Ел экономикасының негізгі тұтқасы болатын аталмыш
саланың игерілмей келе жатқан арнасы әлем көшпенділері киіз үйлерінің
геоархеологиялық һәм рекреациялық ресурстары екені анық. Осы ретте соңғы жылдары
ауқымды зерттеу жүргізіп келе жатқан аталмыш ғылымдар мен зерттеушілердің
тырнақалды еңбектерінің алғашқы топтамасының жарық көруі заңды құбылыс. Соңғы
жылдары осы тақырып аясында өлкетану, археология, тарихи география һәм
экотуризм саласындағы зерттеушілер мен студенттер (магистранттарға) қатысуымен
бірқатар жұмыстар атқарылды.
Ежелгі заманнан бері миллиондаған жылдар
тізбегінде адамзат перзенті орман мен сайларды, тау үңгірлері мен ағаш
үйінділерін паналады. Мұндай табиғаттың қатал күштері мен жаратылыстың сұрапыл
құбылыстарын тану мен одан қорғану барысында тас үңгірлер алғашқы пана бола
алды. Найзағай отын шебер пайдалана білген алғашқы адамдар, ағаш жағу арқылы
тек ас дайындау ғана емес, сонымен өздері мекендеген тас үңгір ішін жылыта
алды. Олар Жаратқан Иенің мұндай сыйы мен құдыретіне таңданған көріністерін тас
бетіне салған суреттері мен тас құралдары арқылы білдіруге тырысты. Ер адамдар
болса, аң аулап, әйелдер ас әзірлеп бала бақты, мал терісін тазалап оны
тұрмысқа икемдеді.
Уақыт өте келе тас үңгір айналасындағы
ит-құс пен жабайы жеміс-жидектер қоры азайды. Оның үстіне адамдар тобыры күн
санап молая түсті. Күнкөріс қамының қиындай түскенін сезген тайпа көсемдері
бірнеше тобырға бөлініп, жан-жаққа жер аудару қажеттігін түсінді. Тайпаның бір
тобы орманды алқапқа кетсе, келесі тобы өзен-көл мен шалғынды мамыржайға тап
болды. Ауа райының жылы мезгілінде адамдар тобырының үдере қоныс аударуы қорек
көзі мен шалғынды аймақтың тұрмыс-тіршілікке анағұрлым жайлы болғандғынан
байқалмады. Ата мекенінен едәуір ұзап, жайлы жатын, шұрайлы шалғындық пен
ит-құсы мен балығы мол алқапқа үйреніп қалған олар артқа қайтуға зауқы соқпады.
Күннің күрт суытуы адамдардың орманды-дала
зонасынан суықтан қорғануына барынша мұмкін болатын пана мекендерді іздестіруіне
ұйытқы болды. Осылайша, алғаш рет адамдар тас үңгірден тыс дала жағдайында өмір
сүруге дағдылана бастады. Алғашында олар өздері аулаған жабай мамонттар мен
бұғылардың терісін жамылып, піл сүйегін «күркей» ретінде пана етті. Олар жерге
тік шаншылған сүйектерді айқастыра жас шыбықтың қабығымен орап, оның сыртына
мал терісін айқара жапты. Бірте-бірте жер-ошақ пайда болған соң, ошақ сыртын
ұзын қарағай сырықтарымен айқара бақандап, қадалған ағаштардың бір ұшын байлап,
екіншісін жерге қазық ретінде шаншып қапталдады. Кейін ошақ орнын жерге дөңгелене
қазылған«жертөленің» ортасына орналастырып, топырақ бетін құрғақ шөптер мен
бұта-жапырақтармен жапты. Жертөле айналасына 9-15 ұзын сырықтан тұратын қарағай
немесе үйеңкі ағаштарын топырақ бетіне қазық ретінде орналастырып, сыртын мал
терісімен қаптады.
Археолог Жакен Таймағамбетовтың айтуынша
бұдан 25 мың жыл бұрын Ертіс өзенінің жағасында (Шүлбі қонысы) алғашқы адамдар
қазіргі Сібір көшпенділері мен Канада эскимостары күркелеріне ұқсас (Чумм, Типпи – Chumm, Tippi) ежелгі
қоныс орнының табылғаны – қазақ даласының әлем номадтары жұртордалары (киіз
үйлері) отаны һәм атажұрты екенін дәлелдейді.
Ботай қонысы (Солтүстік Қазақстан және
Ақмола облыстары) маңында энеолит дәуірінде (5-5,5 мың
жыл) ғұмыр кешкен адамдар тұрмыс-тіршіліктері әлемде тұңғыш рет жылқыны қолға
үйретіп, өз кезегінде қымызды ашыту технологиясы мен тұрақордаларын иеленгенін
дәлелдеп отыр. Аталмыш сала бойынша зерттеу жүргізген отандық және шетел
ғаламдарының тұжырымдары мен ғылыми қағидалары жалпы әлем көшпенділері
«күркейлерінің» даму эволюциясын
қалыптастырды деуге болады.
Ботай мәдениеті көшпелі тұрмыстың
классикалық үлгісін қалыптастырып шаруашылық әрекет пен экономикалық
қарым-қатынастың адам мен табиғаи арасындағы шынайы гамониялық сипатта
өрбігенін көрсетті. Бұл жөнінде біздер арнайы тақырып ретінде тоқталып, аталмыш
құбылыстардың өміршеңдігі мен қоғамдық қажеттіліне баға беруге талпынбақпыз.
Қазақстан, Орта Азия және Еуразия даласына ежелден белгілі болған көшпенділер
тұрақордасы эволюциясы өз ретінде тарих, этнология, этнография, тарихи
география және археология ғылыми-зерттеу саласы мамандарының еншісі екенін атай
отыра, қол жеткізілген мұралар мен құнды заттарға негізделе отырып, көшпенділер
(номадтар) тұрақордасы, яғни бүгінгі «киіз үй», «nomads yurt», «юрта» және
басқа халық қазынасын ғаламдық деңгейдегі туризм объектісі екенін айқындау,
оның рекреациялық мүмкіндіктерін қоғам мен ұрпақ игілігіне айналдыру болып
табылады.
Шүлбі қонысында кіндігі кесілген байырғы
жұрторданың тым қарапайым болуы көшіп-қону барысында ыңғайлы болғандығынан
деуімізге негіз бар. Тау-тас үңгірлерінен алшақтауға мәжбүр болған көне
далалықтар шөл мен шөлейт һәм орманды-далалаы алқаптарда жүріп-тұруға өте-мөте
ыңғайлы жұртошақты (күркей, лашық, жертөле, абылайша, чумм, типпи) кәдеге
жаратуы бекер емес. Оны қажет жағдайда паналау, құрастыру табиғи ортаның қай
нүктесінде болмасын ұзақ уақыт дайындықты қажет етпейтін шаруа екенін ескерген
жөн. Аталмыш кезең 25-6 мың жылдар арасын қамтып, сайын даладағы
тұрмыс-тіршіліктің қайнарына айналды.
Шүлбі мен Ботай мәдениеті арасын жалғаған
жұртошақ пен жұрторда эволюциясы адамзат тарихы мен мәдени мұрасының ажырамас
қазынасына айналып, қоғамдық формацияның барлық заңдылықтары мен қағидаларын
бойына сіңірді.
Ботай мәдениеті тұсында әлемде тұңғыш рет
жабайы жылқыларды қолға үйреткен ботайлықтардың «ерлігі» өздері мекен еткен
аймақтағы жан-жануарлардың азық қорегі тұрғысынан күрт азайып кетуі немесе
табиғат құбылыстары мен катаклизмдері әсерінен басқа территорияға жер ауып
(миграциялануы) кетуі салдарынан болуы мүмкін. Уақыт өте келе жабайы
жануарларды қолға үйрету тенденциясының тым қарқынды көрініс табуы – азық-түлік
қорегінің жетіспеушілігінен екені дау тудырмайды. Малдың қолға үйретілуі оның
өсуі мен күрт төмендеу динамикасын бақылап отыруға мүмкіндік берді. Ал, мал
өсімі мен өнімінің тұрмыс-тіршілікте маңызды орын алғаны өз алдына жеке мәселе.
Ендігі кезекте жұрторда өзінің жұртошақтық
дәрежесінен заманның ағымына қарай едәуір өзгеріске ұшырап, далалық номадтардың
сән-салтанаты мен салт-дәстүрлеріне қарай икемделіп, барынша күрделене түсті.
Оның сайран құрған салтанатты кезеңін сақтар мен ғұндардың һәм көнетүркі
тайпаларының «Алтын дәуірі» деп бағаласақ жаңылмаймыз.
Еуразия құрлығының апайтөс даласын сан
ғасырлар бойы атамекені санаған көшпенді-номадтардың соңғы ұрпағы, бүгінде
әлемдегі өркениттті мемлекеттермен терезесі тең тәуелсіз мемлекеттті құраушы
қазақ жерінде 2017 жылы Бүкіләлемдік «ЕХРО 2017 Astana» бүкіләлемдік көрмесінің
өткізілуі ХХІ ғасырдың басындағы адамзат жамиғатындағы аса ерекше оқиғалардың
бірі болып қалары анық.
Өткен ғасырлар қойнауында (1465-1821)
Қазақ Хандығы (Kazakh Khatate, Kazakhya) деген атаумен әлемге мәшһүр болған
еліміз 1991 жылы қайтадан тәуелсіз мемлекет болып қалыптасқанына 20 жылдан асты
[1].
Бүгінгі Қазақстан Елбасымыз
Н.Ә.Назарбаевтың басқаруымен заман талаптарына сай, ұтымды да қарқынды һәм
мақсатты да парасатты жаңаша даму жолын ұстануда. Оған еліміздегі болып жатқан
ауқымды реформалар мен серпінді бетбұрыстар, инновациялық серпілістер мен
ғылыми-техникалық модернизацияландыру жетістіктерін атап өтуге болады. Жалпы
Ұлттық туризм жүйесінің қалануына тарихи маңызын тигізген айтулы оқиға Елбасы
Н.Ә.Назарбаевтың Испанияға сапары барысында UNWTO-ның штаб-квартирасына бет
бұруы (2000) болды.
Аталмыш ірі өзгерістер мен
динамикалық қарқынды дамуымыздың бір келбеті туризм индустриясы болып табылады.
Астананың бельгиялық Льеж шаһарынан (Халықаралық Көрме бюросының
152-Ассамблеясы) басым түсуі бекер емес. Атап айтқанда, соңғы 5-10 жыл ішіндегі
Қазақ Елінің әлемдік деңгейдегі позитивті көрсеткіштері мен айтулы жетістіктері
(Олимпиада ойындарындағы ірі жетістіктер, Еуропадағы қауіпсіздік және
ынтымақтастық ұйымы (OSSE), Ислам конференциясы ұйымы (OIC), Бүкіләлемдік
туристік ұйымға мүшелікке қабылдану UNWTO, 45 Еуропалық Кеңес отырысының
Алматыда өтуі, заман талабына сай бәсекеге қабілетті жаңа кәсіпорындардың
ашылуы, Қазақстан-2050 Стратегиялық бағдарламасының қабылдануы, Қазақстан
аймағында халықаралық стандарт негізінде 5 туристік кластер орталығын салу
Жүйелілік жоспарының игіліктенуі т.б) ел болашағының заңғар биіктерге самғауына
ұйытқы болуда.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының Қазақстан
халқына арнаған Жолдауындағы (2014) «Қазақстан 2050» Стратегиясы мен «Мәңгілік
ел» Ұлттық идеясы іргетасының қалануы – Қазақ Елінің планетарлық масштабта
қарыштап дамуына жол сілтейтін даңғыл арна болары анық.
Демек, ұрпақ болашағының жарқын белестерін
көксейтін, өз кезегінде ел экономикасының дамуына түбегейлі оң ықпал ететін
туристік кластер орталықтары (Жаңа Іле, Бурабай, Шығыс Қазақстан, Кендірлі және
Қасқарасу) қоғам игілігіне айналу барысында, аймақтық масштабтағы ұлттық туризм
индустриясының ерекше сипат алуына мұрындық болатынын ескерген абзал.
Соңғы
уақытта «Қазақ жеріндегі ежелгі аңыздар» атты Министрлік тарапынан
ұйымдастырылып жатқан іс-шараның дер кезінде қолға алынған ғибратты шаруа
екенін айтуға болады. Ұлттық туризм мәселесін ғаламдық масштабта қамту және оны
ақпараттық технологиялар жетістіктері негізінде қайта құру мен моделдеу
мәселелері жас зерттеушілердің де назарына іліккені – жақсылықтың нышаны деп
білеміз. Айтар ойымызға тиек болатын
еңбектің қатарына Абай атындағы ҚазҰПУ магистранты Г.Н Мыркасымованың ой-пікірі
жаңа толқындағы жас ғаламдардың жаһандық идеяларының көшіне жатқызуға
болады[9].
Жалпы Ұлттық туризм кластерін қалыптастыру
идеясы көпшілік қауымның назарын өзіне аударып, шет елдік туристердің
Қазақстанға келу тенденциясын одан ары дамыту мен арттыруға деген жан
қуантарлық сезімнің қалыптасуына ұйытқы болғаны жаңсақ емес. Атап айтқанда
Германиядан келген сарапшы Rudolf
Vienands жасаған баяндамада Ертіс өзені жағалауындағы «Песчанка»
туристік орталығы инфрақұрылымында «монғолиялық үлгідегі» киіз үйлердің орын
тепкені туралы архитектуралық шешімі біздің назарымызды аударды[5].
Пікіралмасу барысында біздер «қазақтың
киіз үйі» мен «монғол киіз үйі» арасында, әр халықтың мыңдаған ғасырлар бойы
өзі қоныстанған тұрғылықты жердің тарихи-мәдени құндылықтарының табиғи ортамен
климаттық ерекшеліктерге байланысты көптеген ерекшеліктері барекені, атап
айтқанда киіз үйді дайындау технологиясымен оның ассоциациялық құрамдас бөлігі
саналатын (ошақ, төрт түлікмал, той-томалақ, халықтық һәм діни мейрамдар,
салтанат киіз үйі, Хан ордасы, монша, азық-түлік сақтау, арбаға жегілген
киізүйлер, қару-жарақтар, этномузыкалық аспаптар, ұлттық тағамдар, зергерлік
бүйымдар мен ыдыс-аяқтар, ерлер мен әйелдер ұлттық киімі, кілім мен текемет
түрлері, батырлар қару-жарақтары, тұрман-әбзелдер т.б) тұстары һақында кең
тұрғыда ақпарат алмасу мүмкіндігі туды [6].
Ертістің жағасындағы «Песчанка» саяжайының
шет елдік мамандар тарапынан таңдалынып алынғаны аз уақыттың ішінде қабылданған
шешім емес. Дегенмен, ол мекенде әлемдік стандарттағы ХХІ ғасырдың жаңа
үлгідегі құрылыс нысандарын салу барысында, киіз үйлердің орналасу қажеттігіне
баға бере отырып, өз кезегінде киелі
қара шаңырақтың «атамыздың қаны мен анамыздың сүтінен» жаралғанын, сондай-ақ әлем көшпенділері
мұрасының бірі болып табылатын адамзат мәдениетінің алтын ошағы қазақ киіз
үйінің ұлттық ерекшеліктері негізінеде айшықталынуы керек деп санаймыз.
Көптеген отандық зерттеушілер мен
қайраткерлер, атап айтқанда Ә.Марғұлан, М.Әуезов,Қ.Сатпаев, Б.Момышұлы, К.Ақышев, Х.Арғынбаев,
Ө.Жәнібеков, Ж.Бабалықұлы, К.Байпақов, С.Кенжеахметов, Ф.Оңғарсынова,
С.Ақатаев, А.Сейдімбеков, С.Қалиев, С.Л.Сауытбеков,Т.Жұртбай, С.Тұрғынбек,
Ғ.Ақпанбет, Д.Шоқпаров, Қ.Ж.Әмірғазин және басқа ғалымдар мен қаламгерлер
еңбектерінде киіз үйдің жұмбақ жаратылысы мен ұлттық қазынамызбен ғажап
ұштасқан ғасырлық сабақтастығы һақында салиқалы һәм сындарлы ой әфсанналары
көрініс табады. Шынтуайтқа келгенде, зерттеу жұмысымыздың аталмыш бөлігі
(зерттеу жұмысымыздың аясына сыймайтын ауқымды проблема болғандықтан) өз алдына
археологиялық-этнографиялық, этнологиялық, тарихи-мәдени және
әлеуметтік-экономикалық тұрғыда терең талдауды қажет ететін арнайы зерттеу
тақырыбы екенін баса айтамыз.
Жоғарыда
айтып өткеніміздей, жалпы киіз үйдің конструкциясы бір жағынан «қазақ киіз үйі»
немесе бізге ұқсас «қырғыз боз үйі», «түрікмен киіз үйі», «ауған киіз үйі»,
«қалмақ киіз үйі» сияқты дала көшпенділері көне замандарда тұрмыс-тіршілік пен
табиғи ортаның ерекшеліктеріне мән берген бұл құнды дүниелерді адамзат перзентінің асыл қазыналарына
жатқызуға болады деп болжаған тұжырымымыз «Тұран-Астана» университеті жанынан
«Әлем көшпенділері киіз үйлері мен тұрақордалары тарихы» музейінің
(мұражайының) ашылуына және «Қазақ даласы әлем номадтары киіз үйлері мен
тұрақордаларының атамекені - The Kazakh High Land (Steppe) – the native land of
felt dwellings Nomad of the world» тақырыбы бойынша Халықаралық
Интернет-конференциясын (Your Vision.kz порталы, 29.01.2013 ) өткізуге мұрындық
болды [10]
Қазақтың киіз үйі туралы ғаламдық деңгейде
ауқымды зерттеу жүргізген іргелі зерттеушілердің бірі Әлкей Марғұлан болды.
Ғұлама бабамыз Мәскеуде басылып шыққан «Казахская юрта и ее убранство»
еңбегінде «атамыздың қанымен һәм анамыздың сүтінен» жаралған қазақ киіз үйінің
философиясы, мифологиясы, құрылысы мен әлеуметтік-экономикалық маңызы һақында
ой таратып, өскелең ұрпағына бағасы жоқ мол мұра қалдырды[7].
Аталмыш уақыттың ішіндегі жинақталған
ғылыми-зерттеу, әдеби-шығармашылық және электронды ресурстарға жасаған
талдауымыз жалпы киіз үйдің генезисін анықтау, сараптау және салыстырмалы
талдау жасау керектігін алға тартып, мынадай алғышарттарды айқындауға ұйытқы
болды:
1. Әлем көшпенділері киіз
үйлерінің дамуы мен қалыптасуының тарихи-мәдени әфсанналары.
2. Ботай мәдениеті (Қазақстан)
әлем номадтары киіз үйлері мен тұрақордаларының (the nomad’s yurt) геомәдени
эпицентрі.
3. Көшпенділер киіз үйлері
конструкциясының философиялық ғақлияты һәм архитектуралық моделі.
4. Қазақ даласы адамзаттың көне
мәдениеті мен өркениеті интеграциясының «Алтын көпірі».
5. Дәстүрлі қазақ киіз үйі және
оның сән-салтанаты һәм әбзелдері.
6. Бесік жыры – ұлт рухы мен
зерде-танымының бастауы. Киіз үй Ассоциациялары (жылқы, домбыра, алтыбақан,
адалбақан, ішік, шоқпар, кілем, жайлау,ошақ, қамшы, сәукеле, отбасы, ұлттық
тағам т.б)
7. Киізүйтану пәні – ұлттық
тәлім һәм тағылым шамшырағы.
8. Отандық және шет елдік
ғалымдар еңбектеріндегі киізүйтану (yurtology) мәселелері.
9. Әлем көшпенділері киіз
үйлері мен тұрақордалары тарихы Музейі – халықаралық туристік бизнес және
өлкетану объектісі.
10. Көшпенділер киіз үйі –
жасыл технология эталоны.
11. Әлем номадтары киіз
үйлерінің түрлері мен конструкциясы (қазақ, қырғыз, монғол,өзбек, түрікмен,
ауған, тәжік, венгр, үнді, қытай, Америка үндістері, қалмақ, бурят, башқұрт,
ноғай, татар, ұйғыр, эскимос, гурон, ацтек, курайш т.б).
12. «Yurt» терминінің зерттеу
объектісі ретінде әлемдік глобальдік ғылыми-техникалық ақпарат ресурстарындағы
қолданыс аясы мен проблемалары.
13. Әлем көшпенділері киіз
үйлері һақында аңыздар, мифологиялар, ертегілер, өлеңдер, жырлар, мақал-мәтелдер
һәм фольклорлық мұралар.
14. «Әлем номадтары киіз
үйлері» Энциклопедиясы – көне данышпандық арнасының алтын діңгегі.
15.Еуразия даласы – жаһандық
киіз үй туризмі индустриясының алтын бесігі.
16. Киіз үйдің дүниежүзі
құрлықтарында таралуының (Еуразия, Америка, Африка, Австралия) географиялық
ареалдары.
17. Киіз үй жөнінде заңнамалық
құжаттардың реттелуі және халықаралық келісімдер.
18. Әлем көшпенділері киіз
үйлері мен тұрақордалары – халықаралық туристік бизнес объектісі.
19. Киіз үй туризмін дамыту
барысындағы бизнес-жоспар.
20. Киіз үй және тұрақордалар
конструкциясының биологиялық һәм эргономикалық ерекшеліктері.
Конференция жұмысының тақырыпқа және халықаралық талапқа сай таңдап алу
көпшілік тарапынан сын-пікірлер мен ұсыныстар жинастыру жұмысын жүргізуді қажет
етті. Бұл жағдайда «Facebook» сайты арқылы
«Kazakh yurt» атты арнайы коммуникациялық парақ ашылды. Бұл үрдісті
мемлекеттік деңгейде іске асырылып жатқан «E-Learning» бағдарламасы аясында ұйымдастыруға
болады [16].
Енді жалпы киіз үйдің мәдени-тарихнамалық
рухани-философиялық, әлеуметтік-экономикалық һәм туристік-археологиялық
мәселелеріне келсек, қуантарлығы Wikipedia ғаламдық ғылыми-техникалық ашық
энциклопедиялық торабы киіз тақырыбы бойынша осы уақытқа дейін іргелі зерттеулер
жинағына кіретін оқулықтарға кітаптарға назар аудара отырып баяндағаны өте
дұрыс бастама деуге саяды [11], [12], [13].
Киіз үйдің Ұлы дала көшпенділерінің әлемде
теңдесі жоқ адамзат перзентінің материалдық мұрасы екені және оның адам мен
табиғаи арасындағы ерекше байланысы негізінде гармониялық сипатта табиғи тұрғыда
пайда болған «ғажайып үйдің» қайталанбас үлгісін 1960 жылдары Еуропа және
Америка құрлығына таратушы түңғыш энтузиаст-саяхатшылар William Coperthwaite
пен William O Douglas мырзалардың Орта
Азия мен Моңғолия территорияларына «National Geographic» жобасы құрамында қағазға түсіріп, кейін қалың жұртшылыққа
таратқаны киіз жөніндегі көзқарастың ғаламдық масштабта өрбуіне ұйытқы болды
[15].
Аталмыш кезең «киіз үй туризмі» идеясының
әлемдік деңгейдегі бастауы болды десе болады. Көне дәуірден бері көшпенділер
ғұмырының нәрі мен сәні, қорғаны мен киелі шаңырағы, дәстүрі мен тотемдік
тұғыры, салтанаты мен таным жауһары болып келген асыл мұраның алыс және жақын
шет елдерге таралуы барысында, өкінішке орай дәл өзінің табиғи қайталанбас
сұлулығы мен жасампаздық қасиеті мен бояуын сақтай алмай, көп жағдайда
бұрмаланып, өзгеше үлгіде таралды және пайдаланылды. Осы тұс бөлек зерттеуді
қажет етеді.
Киіз үй туризмін дамыту – осы сала бойынша
толыққанды ғылыми-зерттеу жұмыстары һаһында мол мағлұматтар жинастыруды, оны
жүйелі тұрғыда саралауды қажет етеді. Бұл орайда «Yurt forum» тақырыбы бойынша
бірқатар ауқымды зерттеулер жүргізіліп, оның Ұлы Дала көшпенділерінің
(номадтары) әлемде теңдесі жоқ материалдық мәдениет қазынасы екені айтылып, өз
кезегінде Еуропа және басқа құрлықтарда таралуы, туризм индустриясы саласында
қолданылуы жөнінде мағлұматтар жинастырылған.
Десе де, көптеген елдерде (Америка, Канада,
Австралия, Ұлыбритания т.б) киіз үй конструкциясы негізінде оның уықтары мен
керегелерін, шаңырағы мен киізінің орнына темірден құрастырылып, су өтпейтін
брезент материалмен қапталып, көп мөлшерде шығарылатын арнайы кәсіпорындардың салынуы туралы
мағлұматтар көбірек қамтылғанын байқаймыз. Бұл орайда киіз үйдің барлық
элементтері жоғарыда аталып өткендей тек қана ағаш пен киіз бөліктерінен
құастырылатын ескерсек, біздің шет елдік әріптестеріміз ата-бабамыздың асыл
мұрасын қаншалықты қиянат келтіріп отырғанын сезінеміз.
Киіз
үйдің керегесі адам клеткаларына, шаңырақтың күнге, уықтардың күн сәулесіне
ұқсайтыны өз алдына күрделі философиялық ұғым екенін жадымызда ұстап, өз
кезегінде ағаш бөлігінің күн сәулесінен нұрланып, су мен киелі топырақтың
нәрінен нұрланып, Жер, Адам және Ғарыш тұтастығын бір шаңырақтың ішінде
бейнелей білген адамзат перзентінің ғажап туындысы деп бағалауымыз басқа
айтарымыз жоқ. Тек осындай технология негізінде жасалған киіз үйдің ішінде адам
жанын масайратар, шөлін басып, шаршағанын ұмыттыратын рекреациялық тұтастықты
адам игілігіне жұмсау жаратылыс заңдылықтарымен ұштаспақ. Киіз үй немесе
көшпенділер тұрақордасы мүмкіндіктерін қол жеткізілген зерттеу жұмыстары
негізінде жан-жақты (математикалық моделдеу, сандық технология графикасы,
компьютерлік жобалау, геоақпарттық талдау, тарихи-мәдение тұрғыда саралау және
архитектуралық тұрғыда қайта зерделеу т.б) талдау жасап, бүгінгі таңдағы
қолжетімді мағлұматтар арқылы әлем жұртшылығына объективті тұрғыда ғылыми
бағасын беру ісін қолға алу керек.
Еуразия даласын мекендеген ата-бабаларымыз
алуан түрлі табиғат құбылыстары мен жер бедері, қоршаған ортадағы биологиялық
және геологиялық құндылықтарды қорғау мен сақтауда мыңдаған ғасырлар бойы
жинақтаған тәжірибесінің ғажайып үлгісі киіз үйдің аэродинамикалық өлшемдер
талабына да сай сұлбаланғаны әлемдік деңгейдегі ғылыми жаңалық деп атауға
болады. Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтың пайымдауынша, киіз үйдің
басқа этностар ойлап тапқан (ағаштардың айқастырыла орналасуы, орта тұста
діңгектің орналасуы, ағаш тіреуіштер т.б) тұрақордалардан ерекшелігі қатты
дауыл немесе жоғарғы балдық горизонталь бағыттағы жел күшіне төтеп беруі –
жалпыкиіз үй конструкциясындағы аэродинамикалық өлшемдердің дәлме-дәл орын
алғанынан деп топшылайды.
Қалай десек те, біздер қазақ даласының
әлемдегі киіз конструкциясын тұңғыш сұлбалаған «Алтын мекен» деп айтуымызға
болатын жәдігерлер табылуда. Ең қуаныштысы, бұл мәселеге 1961-1971 жылдары ұлы
ғалымдарымыз академиктер Қаныш Сатпаев
пен Әлкей Марғұлан аса зор назар
аударғаны байқалады. Демек, қазақ даласы – әлемдегі көшпенді халықтар киіз
үйлерінің (тұрақордаларының) мекені екеніне дау жоқ. Бұл жерде Ботай мәдениеті
мен Беғазы-Дәндібай мәдениеті арасындағы тарихи сабақтастықты қайыра зерделеу
болашақ зерттеушілер тарапынан тиісті бағасын алғаны абзал демекпіз.
Таң қаларлық жағдай. Киіз үйдің қоғамдық
формацияның қай кезеңінде болмасын өзінің практикалық мәнділігін, тарихи-мәдени
құндылығын және дәстүрлік сабақтастығын (табиғат пен адам арасындағы изгілік
байланыс) сол қалпында сақтай білуі керемет дүние. Киіз үйдің қыста жылы, жазда
салқын болуы, жаугершілік қорған қамалы, сондай-ақ әлеуметтік ортадағы
салт-сана мен қауымдастық ерекшеліктеріне қарай бірнеше категорияға бөлінуі (Ақ
орда, Хан орда, 60 қанат, 6 қанат, лашық, жертөле), тұрмыс мәдениеті мен
әдет-ғұрыптарға, діни дәстүрлер мен ырым-тыйымдарға байланысты (құдайы қонаққа,
моншаға, дәлізге, ас-тағам, сауыт-сайман, жөн-жоралғы, өлім-жітім, құда-жекжат,
дос-жаран, ойын-сауық, әйелдер мен ерлерге арналған Киіз үйлер т.б) әр түрлі
болуы адам мен қоршаған орта арасындағы шынайы гуманизм миссиясын атқарып
келгенін көрсетеді.
Киіз үй Отаны туралы мәселеге тек қазақ,
монғол, қырғыз, өзбек, ауған, тәжік, пәкістан (урду, хинди), түркімен, бурят,
тыва, қалмақ этностарымен қатар Солтүстік Америка және Канада эскимостары мен
Ресей территориясындағы якуттардың тікелей қатысы бар. Екі этнос және оған
дәстүрі мен мәдениеті жағынан туыс болып келетін басқа көшпенді және жартылай
көшпенді халықтар ұзақ ғасырлар бойы қоршаған ортаның ерекшеліктері мен
климатына назар аударып, тұрмыс салт пен қоғамдық қажетіліктерді жаратылыстану қағидасы
негізінде қалыптастыруды көздеді.
Солтүстік Америка және Канада
эскимостарының арғы ата-бабалары Аппачи тайпалары ерте заманда Беринг бұғазы
арқылы (мұз ерімей тұрғанда) бір-бірімен
тығыз қарым-қатынаста болған. Оның жарқын көрністерінің бірі – олардың
тұрақордаларының (шалаш. Күрке, шатыр, Shelter) ұқсастығы. Сол себепті,
түркітектес этностарға жататын Саха-Якут халқы да әлем көшпенділері киіз
үйлерінің конструкциясын алғаш жасаған жәнеойлап тапқан этностар болып табылуы
әбден мүмкін. Бұл жердегі мақсатымыз қай халықтың киіз үйді ең алғаш ойлап
тапқаны һақында ой-пікірді бір-біріне қарсы қойып таластыру емес, керісінше қай
этнос аталмыш ұлы қазынаны қиын да сұрапыл ұзақ ғасырлар тезінен қалай аман
сақтап қалғаны, оның Ұлы Дала мәдениетінің әлемдік өркениетке қосқан зор
үлесінің қалың жұртшылық тарапынан оң бағасын алуына мүмкіндік жасағаны және
басқа да айтулы жетістіктері мен ерліктері жайында паш ету екенін жеткіземіз.
Кез келген киіз үйдің орналасуы мен халық
игілігіне айналуы – аса күрделі құбылыс. Оның ішінде аса маңызды орын алатын
дүние жалпы Киіз үйдің Ассоциативтік (кешендік) қасиеті. Оның негізгі
белгілеріне ұлттық қолөнер, төрт түлік мал, салт-дәстүр, ұлттық тағам,
зергерлік және әшекейлік бұйымдар, ұлттық киім, ас беру рәсімі, той-томалақ,
өлім-жітім, ойын-сауық, Наурыз мейрамы, батырлар қару-жарақтары мен
тұрман-әбзелдері, әйелдерге арналған заттар және басқа тарихи-мәдениғ
діни-рухани, әлеуметтік-экономикалық, аңшылық-саятшылық, этнопедагогикалық және
этнопсихологиялық құндылытарды жатқызуға болады. Аталған көріністер киіз үй
туризмін қай мемлекетте, қай құрлықта болмасын ұйымдастыру барысында, аталмыш Ассоциативтік ерекшеліктерге назар
аударған жөн. Мысалы, киіз үйге дейін қонақты аттың немесе түйенің үстіне
отырғызып, жеткізіп, оны күтіп алу барысында ұлттық тағамдардан дәм татуына,
зергерлік бұйымдарды тамашалауға және бүркітті баулу өнерімен қанық болуына
барынша жағдай туғызған абзал.
Киіз Ассоциациясының ішінде ерекше атап
өтетін көрініс – ол қонақтарға ас беру рәсімі. Қазандық киіз үйдің дәл
ортасында орналасуы, ас мәзірін дайындау кезінде «мал тезегін» қауірсіз және
қалдықсыз отын энергиясы ретінде пайдалануы біріншіден астың дәмін келтірсе,
екіншіден үйдің ішін жылытады. Мал тезегі «қалдықсыз технология» нысаны ретінде
көрініс тапса, оның қуатынан қайнаған судың құрамы, еттің дәмі де адам
денсаулығын марқайтар өзгеше болып келетіні ақиқат. Қонақтарды немесе
туристерді күту барысында халқымыздың «қонақжайлылық» дәстүрін естен шығармаған
жөн.
Қонақтарды (туристерді) қарсы
алу барысында жоғарыда айтылған Солтүстік Америка, Австралия т.б жерлерде
арнайы кәсіпорын дайындап шығарған (киіз орнына брезент материал, шаңырық пен
керегелер орнына темір сырықтар т.б) шаңырақта емес, мына суретте көрсетілген
(қайың мен сәмбі талынан жасалған) шынайы қазақи киіз үйдің ішінде, ата-баба
салтымен ерекше жағдайда қызмет еткен жөн.
Адам денсаулығына киіз үйдің зиянды әсері
бар деген пікір кездеспейді. Ендеше, оның мұндай ғажайып ерекшеліктері мен
жасалу технологиясын сақтай отыра жастар арасында арнайы жиындар, ғылыми
жобалар сайысы және басқа тарихи-мәдени маңызы бар шараларды қолға алған абзал.
Бұл ретте, киіз үйдің ішінде тынығуды, дем алып денсаулығын шыңдауды мақсат
еткен қонақтарға жалпы киіз үйдің пайда болу тарихы мен мыңғасырлық кереметі
жөнінде танымдық-тағылымдық шаралар (оқулықтар мен ғылыми зерттеулермен танысу,
конференция, элетрондық оқу құралдары, анимациялық фильмдер мен деректі
видеоматериалдарды пайдалану, мұражай ашу т.б) ұдайы өткізіп отырған жөн.
Киіз үй тарихы жөнінде шет
елдік қонақтарға мағлұматтар беру барысында «Әлем көшпенділері тұрақордаларының
мұражайы» тақырыбында арнайы ғылыми-шығармашылық жұмыстра жүргізу керек.
Қазақ киіз үйінің әлемде теңдесі жоқ
ерекшелігі ХХІ ғасыр жастарының назарынан тыс қалған емес.оған «EXPO 2017 Astana» Көрмесінің ғимаратын
сұлбалау барысында жалпы кешеннің архитектуралық шешімі «Көшпенділер киіз үйі
идеологиясы» тұрғысынан сомдалғаны байқалады. Бұл өте жақсы ырым және болашағы
зор бастама. Сонымен қатар киіз үйдің кереметін тамашалаушы қонақтар ата-баба
тұрақордасының бүгінгі таңда қандай өзгерістер мен толықтыруларға ие болғаны
турасында мағлұматтар алуына және алмасуларына мүмкіндік жасау керек. Мұндай
өзгерістер жөніндегі жетістіктер мен ұсыныстар жоғарыда айтылған материалдарға
сүйене отырып,бір жағынан еліміздегі туризм индустриясының дамуына ұйытқы
болатын шаралардың көптеп ұйымдастырылуына, екіншіден аталмыш сала бойынша
перспективалық және стратегиялық жоспар құру және ғылыми-зерттеу мен
сараптамалық-ақпараттық жұмыстардың кешенді жүргізілуіне мемлекет тарапынан
қолдау көрсетілу жақтарына мән берілгені ғанибет.
Киіз үй туризмі «киізүйтану»
ғылыми-зерттеу және танымдық-шығармашылық жұмыстарымен тығыз байланысты. Киіз үйдің Ассоциациялық кешенді ерекшелігінің
бір саласына ұлттық ою-өрнектер жатады. Киізді басу кезінде (қойдың жүнін түту
және сабау, оны қаптау, ыстық су құйып таптау технологиялары бөлек зерттеу
тақырыбы) оның түсі мен өрнегіне сай халық шеберлері ою-өрнекті мәні мен сәніне
және дүниетанымдық құндылығына сйкестендіре отырып киізге орналастыру өнерін
ғасырлар көшінен дамытып келеді. Оған қоса кілем мен текемет, сырмақ пен көрпе
түстеу, тұскиіз бен қалы кілем сияқты ұлттық өнер туындылары мен ғажайып
дүниелер тек шаңырақтың сәнін ғана келтіріп қоймай, халқымыздың әлем
этностарынан ерекшелігі мен даралығын танытатын керемет көрініс табатыны да
үлкен әңгіме.
Қазақ халқының ою-өрнегі тек ішкі жандүние
иірімдерінен ғана бастау алмай, қоршаған орта мен аспан денелері арасындағы
байланыс пен табиғат факторларымен тығыз байланыста ұзақ ғасырлар дамып келеді.
Ою-өрнектің геоморфты, фитоморфты, орнитоморфты, зооморфты, ихтиоморфты,
петроморфты т.б тылсым табиғат құбылыстары мен геологиялық-петроглифтік
ескерткіштер әлемімен тоғысуы ғажап дүние. Атап айтқанда, халықтың қолөнер және
зергерлік бұйымдар туындыларында «архар-мүйіз», «аққу қанаты», «өсімдік әлемі»
және «төрт құбыла» жанрларының көптен кездесуі кездейсоқ дүние деп айта
алмайсың.
Қоршаған ортадағы жердің географиялық
орны мен рельефі көшпенділер өмірі һәм тұрмысына айтарлықтай ықпал етеді. Одан
киіз үйге ұқсайтын ұсақ шоқылар мен аласа төбелер тек тұрмыс-тіршілік қамы ғана
емес, тұрақорда жұртын салу мен құрастырудың негізгі элементі болуы мүмкін
деген жорамал жасауға болады. Қалай дегенмен, киіз үй конструкциясын жасамастан
бұрын, ата-бабаларымыз ата жұрт тұрақордасының киелі жер топырағы мен тау-тасы
һәм өзен-көлі мен ит-құсы ерекшеліктеріне назар аудара отырып игіліктенуді
мақсұт еткені анық байқалады.
Ата жұрт тұрақордасының киіз үй формасында
көрініс табуы табиғи ортадағы рельеф, ландшафт және климаттық ықпалдарға
ұшырауы, өз кезегінде ата-баба философиясында ұлттық құндылық ретінде бағалануы
арқылы саналы тұрғыда қоғам мен халық игілігіне айналуы ғажап құбылыс. Міне,
осы әр адам терең бойлай бермейтін
аталмыш танымдық һәм тағылымдық үйлесімділік киіз үйдің тарихын білуге құштар
қонақтар мен ғалымдардың назарын өзіне аударғаны абзал. Мәселе, табиғаттың
сұрапыл құбылыстары немесе жал-жанды сақтауға арналған күйбің тіршілік пен қызығынан
қиыны көп тұрмыс-салттың жетегіне бой ұсынған Ұлы дала перзентінің бір ғана бағытта ғұмыр кешті деп қалай айтуға
болады?
Виктор Зайберт реконструкциясы бойынша
жасалған Ботай қонысындағы алғашқы адамдардың «жұрт панасы» мына суретте
бейнеленгендей ғажап бір ұқсастық пен тылсым үйлесімділікті паш етіп тұр.
Ботайлықтар дүние жүзінде жылқыны қолға
үйретіп, қымызды ашыту технологиясын жасай отыра, ендігі жерде олар әлемде
тұңғыш рет Ұлы Дала кеңістігіне сай келетін көшпенділер тұрақордасының тұңғыш
архитектуралық моделін жасады деуге негіз бар. Мұны тағыда бір сенсациялық
ғылыми жаңалық деп бағалауға болады [21].
Киіз үй Ассоциациясының жарқын
үлгісінің бірі түйе өркешінің ата-бабалар тұрақордаларына ұқсастығы. Мұндай
ғажап құбылыстар мен теңеулер қонақтар мен туристердің аса қызыға назар
аударатын маршрут нұсқаулары мен ақпарат құралына айнадуы керек. Бұл жөнінде
біз жоғарыда киіз үйді тамашалауға келген қонақтарды түйенің үстіне отырғызып
алып келу дәстүрінде толық сипаттама бердік. Осы бағытта туристерге ұлттық
тағам түрлері, зергерлік бұйымдар, кілем мен текемет тарихы, жауынгерлік
дәстүр, қыран бүркітті баулу, дастархан мәзірі ұлттық киім үлгілері, аңшылық
һәм саятшылық дәстүрлері қоса насихаттаған жөн.
Нәтижесінде мына суретте бейнеленгендей
«Global yurt tourism» жобасын кешенді тұрғыда іске асыруға барша халық болып
кірскен абзал.
Қол жеткізілген ғылыми еңбектер мен
ғаламдық ғылыми-техникалық ақпарат ресурстарын пайдалана отырып, жалпы
көшпенді-номадтар киіз үйлерінің генезисін анықтау, оның әлем номадтары
(эскимос, аппачи, кураиш, ацтек, гуайкуру, араукан, бербер, аушит, пуштун,
күрді, памир, алтай, ноғай, құмық, туцзэ, ся, хот,хэт, папуас, андаман, якут,
ямал, ительмен т.б) табиғат жағдайына сәйкестендіре отырып, сан ғасырлар бойы
дамытып, толықтырып және тұрмысқа ыңғайластырып келген аталмыш қазыналарды
сақтау мен қорғау һәм әлемдік мәдениеттің алтын мұрасы ретінде танылуын
ізгілендіру мақсатында төмендегідей
қорытынды жасауды ұйғардық:
1.Қазақ даласы – әлемдегі
көшпенді ұлттар мен ұлыстар киіз үйлерінің (тұрақорда) Отаны екені жоғарыда
келтірілген материалдар арқылы болашақта одан ары ғылыми тұрғыда терең
таразылану керек.
2. Қазақ киіз үйі үлгісі
ретінде «The Global Yurt tourism» жобасын (Ғаламдық киіз үй туризмі) іске
асыру.
3. Қазақстан Республикасы
Ұлттық Мұражайы жанынан «Әлем
көшпенділері киіз үйлері (тұрақордалары) тарихы» атты бөлім ашқан абзал.
4. Ғаламдық масштабта іске
асырылп жатқан «Yurt forum» (Lloyd
Khan), «Tatforuminfo» және
«http://mr_kursabaev.yvision.kz/post/317126» және басқа ресурстар
материалдары негізінде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру.
5. Әр жерде, әсіресе
оқу-тәжірибе, мектеп, жоғары және арнаулы оқу орындарында, туристік орталықтар
мен тарихи-өлкетану мекемелерінде «Әлем көшпенділері киіз үйлері тарихы»
музейін ашу.
6.Дүние жүзінде тұңғыш рет
жылқыны қолға үйретіп, қымызды дайындау технологиясын меңгерген Қазақ
даласындағы көшпенділер (Ботай мәдениеті) мәдениетін ескере отырып, киіз үйдің
конструкциясы тұңғыш (жертөле) киелі ата-бабаларымыздың жұртында негізі
қаланғанын әлем жұртшылығына таныту мақсатында «Қазақ даласы – әлем номадтары
киіз үйлерінің Отаны - «The Kazakh High Land (Steppe) – the native land of felt
dwellings Nomad of the world»» тақырыбында халықаралық симпозиум өткізу.
7. Қазақтың киіз үйінің
«атамыздың қанынан һәм анамыздың сүтінен» жаратылғаны һақында әфсаннаны
(қағиданы) жаңа заман ұрпақтары санасына сіңіру.
8. Ұлттық мүзейлер
(мұражайлар), «Назарбаев Орталығы». аймақтық тарихи-өлкетану,
мәдени-шығармашылық, туристік кластерлік орталықтарда, оқу орындары мен
әкімшілік мекемелерде, туристік-археологиялық кешендер мен көрме
инфрақұрылымдарында, өнер, спорт, бизнес ғимараттарында «Әлем көшпенділері киіз
үйлері тарихы» музейін ашу.
9. Мектептер мен оқу
орындарында соңғы 20 жыл ішінде мол тәжірибе жинақтап келе жатқан «Атамекен»
ұлттық тәрбие бағдарламасы және туристік-өлкетану экспедияциясының Негізгі 40
Бағыттары аясында, жас ұрпақтың бойына патриоттық, азаматтық, экологиялық,
ұлтжандылық һәм имандылық ұлы сезімдерді қалыптастыру мақсатында
«Киізүйтану-Nomad’s Yurtology» оқу құралын шығару, ғылыми-зерттеу орталықтары
мен лабораториялар ашу, анимациялық фильмдер мен электронды оқулықтар,
виртуальді ойын бағдарламаларын шығару, жыл сайын танымдық-интеллектуальдік
сайыстар өткізу.
10. Қазақ киіз үйінің тарихы
мен генезисін терең зерттеу мен сараптау барысында киіз үй конструкциясы мен
философиясына қатысы бар әлем этностары (соғды, сақ-скиф, хорезмдік, маратхи,
хет, палай, лувия, лидия, ауған, нуристан, , урду, бенгали, маратхи, панджаби,
раджастхани, тәжік, күрділер, белуджа, тат, талыш, пушту, галийялық, ретороман,
сардиния, бербер, кушит, сомали, чад, хауса, бацбий, авар, андий, даргин, лак,
ассирия, баски, ханты, угор, остяц, мансий, вогульдік, венгр) және басқа ұлттар
мен ұлыстар тұрақордаларының пайда болу тарихы мен мәдениеті, археологиялық,
сәндік-қолданбалық, техникалық, графикалық және басқа материалдарын жинастыру,
зерттеу және халық арасында насихаттау.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР МЕН ИНТЕРНЕТ РЕСУРСТАР
1.http://en.wikipedia.org/wiki/History_of_Kazakhstan
2.http://www.facebook.com/groups/tourizmkz/
3. «Roger Jones Golf &
Leisure Ltd» (USA), Innovative Tourisn Advisors (THR), «Системный план развития туризма зоны
Кендерли», Презентация окончательного отчета, System Plan for Tourism Development
in the Kenderli Area,SKS Studio+SB Architects+Roger Jones Golf & Leisure
Ltd, 16.11.2012
4.«Системный план развития
туризма зоны Кендерли», Презентация окончательного отчета, System Plan for
Tourism Development in the Kenderli Area,SKS Studio+SB Architects+Roger Jones
Golf & Leisure Ltd, 16.11.2012)
5. «Мастер план кластерной
программы развития туризма Восточно-Казахстанской области, Presentation East
Kazakhstan Report part, Iter Persona Kosmos (IPK) Barbara Postel, Rudolf
Viеnands (Germany),
6. http://www.ar.tum.de/en/faculty/persons/former-professors/rudolf-wienands/
7.
http://mr_kursabaev.yvision.kz/post/338852#
8.http://www.facebook.com/pages
9. Туристік сфера және Интернет
жүйесі. Мыркасымова Г.Н. магистр, Абай атындағы ҚазҰПУ, І Республикалық «ЕХРО
2017 және балалар» оқушылар мен студенттердің ғылыми жобалар сайысының
материалдары. Астана, 2013, 325 бет.http://www.facebook.com/pages
10.
http://mr_kursabaev.yvision.kz/post/317126. The Kazakh High Land (Steppe) – the
native land of felt dwellings Nomad of the world.Модераторы Аяпбекова А.Е,
Габдуллина М.Х, Курсабаев М.К, Университет «Туран-Астана»(29.01.2013).
11. Шаңырақ : Үй-тұрмыстық
энциклопедиясы. Алматы : Қаз.Сов.энцикл.Бас ред., 1990 ISBN 5-89800-008-9
12. Орысша-қазақша түсіндірме
сөздік: Механика / Жалпы редакциясын басқарған э.ғ.д., профессор Е. Арын -
Павлодар : «ЭКО»ҒӨФ. 2007.-29 1 б. ISBN 9965-08-234-0
13. Отырар. Энциклопедия. –
Алматы. «Арыс» баспасы, 2005 ISBN 9965-17-272-2
14.
http://www.bal-turan.kz/content/kiiz-yi
15. http://kk.wikipedia.org/wiki
Киіз үй
16. http://www.edu.gov.kz/ru/
17. Маргулан А.Х. Казахская
юрта и ее убранство, М: 1970
18. Курсабаев М.К. Астана
көнеарий тайпалары мекені.Казах-нама.Qazaq-nama. Шығармалар жинағы, 314-323
бет, Астана, 2008, 506 бет, http://doc.nlrk.kz/result/ebook_90/index.html#ps.
19."The exploitation of
horses at Botai, Kazakhstan". In Levine, Marsha; Renfrew, Colin; Boyle,
Katie. Prehistoric Steppe Adaptation and the Horse. Cambridge: McDonald
Institute. pp. 83–104. ISBN 1-902937-09-0.
20.Bendry, Robin (2007).
"New methods for the identification of evidence for bitting on horse
remains from archaeological sites". Journal of Archaeological Science 34
(7): 1036–1050.
21.The Earliest Horse
Harnessing and Milking. Alan K. Outram,Natalie A. Stear,Robin Bendrey,Sandra
Olsen,Alexei Kasparov,Victor Zaibert, Nick Thorpe, Richard P. Evershed.
http://www.reading.ac.uk/archaeology/about/staff/r-bendrey.aspx
22.http://en.wikipedia.org/wiki/File:A_Treatise_on_Koumiss.jpg
.Scan of the title page of 1877 book A Treaty on Koumiss' or, Milk Champagne:
The great Russian remedy for wasting, debilitating, and nervous diseases.
Written by A. Meyers, published in San Francisco, U.S.A.
23.
http://www.expo2017astana.com/
24.http://www.amazon.com/gp/product/0936070110/ref=s9_simh_bw_p14_d0_i2?pf_rd_m=ATVPDKIKX0DER&pf_rd_s=merchandised-search-4&pf_rd_r=8
25.
http://www.hearthworks.co.uk/yurts.html
26.http://www.facebook.com/AAAS.Science
27.http://www.facebook.com/muhamedrahim.kursabaev
28.
http://www.123rf.com/photo_12068371_traditional-housing-from-the-bark-of-the-indigenous-populations-of-asia-and-america.html
.
Комментариев нет:
Отправить комментарий